Орал қаласында өткен «Kazakhstan Drone Championship & Cup 2026» республикалық дрон чемпионатында жүлделі 2-орын иеленіп, ел мерейін асырған мектептің 10 «А» сынып оқушысы Мейрамбекқызы Гүлфайруз бен оның жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі Кенжеев Ержан Сұлтанбекұлы елге оралды.
Білім мен бәсекенің биігінде топ жарған ұстаз бен шәкіртті мектеп ұжымы ерекше ықыласпен, зор мақтанышпен қарсы алды. Салтанатты қарсы алуға мектеп директоры, әріптес мұғалімдер, сынып жетекшісі, сыныптастары мен ата-анасы арнайы қатысып, жеңімпаздарға ақжарма тілектерін арнады.
Іс-шара барысында мектеп директоры Бағдат Қонысбайұлы сөз сөйлеп, Гүлфайруздың жетістігі – тек бір оқушының жеңісі емес, бүкіл мектептің, ұстаздар қауымының ортақ жемісі екенін атап өтті. Сонымен қатар, жас дарынның ғылым мен технологияға деген қызығушылығы мен табандылығы өзгелерге үлгі екенін ерекше айтты.
Сыныптастары мен достары да өз қуаныштарын жасыра алмай, жылы лебіздерін білдіріп, гүл шоқтарын табыстады. Ал ата-анасы перзентінің жетістігіне деген ризашылығын жеткізіп, ұстазға алғыс айтты. Бұл сәт – тек марапат емес, үлкен еңбектің, үздіксіз ізденістің нәтижесі екенін бәрі де терең сезінді.
Осындай жарқын жеңістен кейінгі ыстық ықыласқа толы қарсы алу – Гүлфайруз бен оның жетекшісіне жаңа белестерді бағындыруға үлкен серпін берері сөзсіз.
Мектебіміздің мақтанышына айналған жас талант пен білікті ұстазға алдағы уақытта да толағай табыстар тілейміз!
https://222mektep.kz/kz/zhanaly-tar/112-zhe-isti-s-tti-zhal-asy-rmetke-toly-arsy-alu.html#sigFreeIde9f113c62b








